РАУШАНТӘЖ (католик тасбих дұғасы)
РАУШАНТӘЖ (католик тасбих дұғасы)

РАУШАНТӘЖ (католик тасбих дұғасы)

РАУШАНТӘЖ – КАТОЛИК ТАСБИХЫ

Айқыш белгісін жасап,

+ Әке және Ұл және Киелі Рухтың атына. Аумин

деп айтылады.

Бастапқы дұға: 

Уа, Тәңіріміз Иса Мәсіх! Мен осы қасиетті раушантәжін Сенің атыңды мадақтауға және аса Пәк Анаңның құрметіне бағыштаймын, сондай-ақ жандардың құтқарылуына арнаймын. 

Содан кейін Елшілік Сенім Нышаны (Symbolum Apostolorum)оқытылады: 

Мен Құдайға, * Құдіретті Әкеге, * аспан мен жердің Жаратушысына сенемін, * және Оның жалғыз Ұлы * Тәңіріміз Иса Мәсіхке сенемін: * Ол Киелі Рухтан ұрықталған, * Мәриям Бикеш арқылы туылған, * Понти Пилат тұсында азап шекті, * Ол Айқышқа шегеленді, * өлді және көмілді; * тозаққа түсті; * үшінші күні Ол өлімнен қайта тірілді; * аспанға көтерілді * және Құдіретті Құдай Әкенің оң жағында отыр: * ол жақтан Ол тірілер мен өлілерді соттауға келеді. * Мен Киелі Рухқа, * Киелі Католик Кілесесіне, * әулиелердің қатысуына, * күнәлардың кешірілуіне, * тәннің тірілуіне * және мәңгілік өмірге де сенемін. * Аумин.

Тәңірдің дұғасы (Pater noster) бір рет оқытылады:

Аспандағы Әкеміз, * Сенің атың қасиеттелсін, * Патшалығың келсін; * Сенің еркің аспандағыдай * жер бетінде де орындалсын. / Қажетті нанымызды бүгінге бере гөр; * бізге қарыз болғандарды кешіргеніміздей, * біздің қарызымызды да кешіре гөр; * азғырылуымызға жол бермей, * бізді жамандықтан сақтай гөр. * Аумин.

Содан соң Періштенің  сәлемдесуі (Ave Maria) үш рет оқытылады:

Сәлемет бол, Мәриям, рақымға толы, * Тәңір Сенімен бірге; * әйелдердің арасында баталысың * және құрсағыңдағы Нәресте Иса да баталы. / Әулие Мәриям, Құдай Анасы, * біз күнәкарлар үшін * қазір де және өлім сағатымызда да дұға ете гөр. * Аумин.

Содан кейін:

Әр үлкен моншақта – Тәңірдің дұғасы (Pater noster)(1 рет) 

Әр кішкентай моншақта – Періштенің сәлемдесуі (Ave Maria) (10 рет)

Әр 10 Періштенің сәлемдесуі (Ave Maria) дұғасынан кейін Киелі Үшбірлікке арналған мадақ (Gloria Patri) оқытылады: 

Әке және Ұл * және Киелі Рух басында болғандай, қазір де, әркашан да * және мәңгі де дәріптелсін. * Аумин.

Сосын:

Уа, күнәсіз ұрықталған Мәриям, / Саған сүйенген біз үшін дұға ете гөр.

Уа, Иса, / күнәларымызды кешіре гөр, * тозақ отынан сақтай гөр * және барлық жандарды жәннатқа кіргізе гөр * әрі ең қажетсінетіндерге рақымдылық қыла гөр.  

деп айтылады.

Келесі ретте, әр ондық Тәңірдің дұғасымен басталады да, содан кейін Періштенің сәлемдесуы дұғасы 10 рет оқытылатын дұғамен жалғастырады.

Соңында осындай дұға айтылады (Sub tuum praesidium):

Сенің қорғауыңды сұраймыз, уа, Құдай Қасиетті Анасы, * қайғылы жалынышымызға құлақ салып, * әр қауіп-қатерден бізді әрқашан сақтай гөр, * уа, даңқты да баталы Бикеш.

Немесе (Salve Regina):

Сәлемет бол, Патшайым, Мейірімділіктің Анасы, * сәлемет бол, Өміріміз, Рақатымыз, Үмітіміз. * Біз Хауаның қуылған балаларымыз болғандықтан, Сені шақырамыз, * Саған күрсінеміз, * бұл зарлы аңғарда ыңыранамыз да жыламыз. * Сондықтан, уа, Қорғаушымыз, * мейірімді бет-жүзіңді бізге көрсете гөр * және осы құғында жүргенімізден кейін * Исаны – құрсағыңдағы баталы Нәрестені – * бізге көрсете гөр. * Уа, Жуас! * Уа, Мейірбан! * Уа, сүйікті Мәриям Бикеш!

Немесе Мәриям Бикеш арналған басқа антифондары айтылады.

Қалауынша, Құдай Анасына арналған Литанияны (Лорето Литаниясы) аяғында айтуға болады. 

РАУШАНТӘЖ ҚҰПИЯЛАР

I-бөлім. Қуанарлық құпиялар (дүйсенбі, сенбі):

1. Періштенің хабарлануы (Лұқ 1:26-38);
2. Мəриямның Елізабетке келуі (Лұқ 1:39-45);
3. Иса Мəсіхтің Туылуы (Лұқ 2:1-19);
4. Иса Мəсіхті ғибадатханаға алып келу (Лұқ 2:22-35);
5. Он екі жасар Исаның Жерісәлем ғибадатханасында табылуы (Лұқ 2:42-51).

II-бөлім. Жарық құпиялар (бейсенбі):

1. Исаның Шомылдыруы (Мат 3);
2. Ғалилеялық Қанадағы Иса жасаған бірінші керемет (Жох 2:1-11);
3. Исаның Ізгі Хабарды уағыздауы (Мат 5:1-16, 7:24-29);
4. Табор тауындағы Исаның Шырайландыруы (Мат 17:1-13)
5. Еухаристияның орнатуы (Жох 13:1-5, 12-17; Мат 26:26-30).

III-бөлім. Қайғылы құпиялар (сейсенбі, жұма):

1. Гетсиман бағындағы Исаның мінәжаты (Мат 26:36-44);
2. Исаның қамшылануы (Лұқ 23:13-23; Жох 19:1);
3. Исаның басына тікенді тəж кигізу (Жох 19:2-11, 14b-15a);
4. Айқыш Ағаш жолы (Лұқ 23:26-28, 32-38);
5. Иса Мəсіхтің Айқышқа шегеленуі (Жох 19:23-27; Лұқ 23:44-49).

IV-бөлім. Даңқты құпиялар (жексенбі, сәрсенбі):

1. Иса Мəсіхтің Қайта Тірілуі (Мат 28:1-10);
2. Иса Мəсіхтің Аспанға көтерілуі (Мат 28:16-20; Елш 1:8-9);
3. Киелі Рухтың қонуы (Елш 2:1-4);
4. Мəриямның Аспанға алынуы (Жох 14:1-4, 6b);
5. Мəриямді Аспан Патшылығының тəжі кигізу (Еф 1:3-10).

Бүктемехатымызды қараңыз