Католик Кілесесі туралы ақпарат


     Католик Кілесесі (грек. καθολικός / katholikós – «жалпы», «жаһандық»; лат. Ecclesia Catholica – «Жаһандық Кілесе»; орыс. Католическая Церковь) – бұл б.з. дейінгі I ғ. Рим империясындағы Яһудея аймағында Иса Мәсіх құрған бүкіләлемдік мәсіхшілік (кіристиан) кілесесі. Бұл кілесені әулие Петір Елші және оның мұрагері Папа Ватикандағы (Қасиетті Тақ) әкімшілік-жағрапиялық орталығымен басқарады. Папа арқылы басқаратын Қасиетті Тақ – бүкіл әлемдегі Католик Кілесесінің бірлігі көрінетін белгісі мен құралы. Бұл әлем бойынша 1,345 миллиардтан астам ізбасарлары бар (2020 ж.) әлемдегі ең үлкен мәсіхшілік кілесесі.
     Католик Кілесесінің негізін Иса Мәсіх қалаған. Ол Құдай, адам және қоршаған әлем туралы мәсіхшілік ілімнің барлық толықтығын Исадан алып сақтайды. Бұл Кілесе Папа және оның бескіптері бүкіл әлем бойынша жүзеге асырған баспалдақты үкіметте елшілік мираскерлігін (не апостолдық мирасқорлықты) ұстанады. Елшілік мираскерлігі – Иса Мәсіх орнатқан әулие Петір Елшінің Католик Кілесеснің басшысы ретінде басқарушы билігі. Сол себепті Папа «Петір Елшінің Мираскері» деп аталады.
     Католик Кілесесі өзінің сенімін библиялық пайғамбарлар уағыздаған, Иса Мәсіхтің інжілдік ілімімен аяқталған және Киелі Жазбалардың (Библияның Көне мен Жаңа Өсиетінің) беттерінде жазылған Құдайдың Аянына негіздейді. Католик діні – бұл ең алдымен бір Құдайға мәсіхшілік сенім, бұл монотеистік дін; бұл бөлінбейтін Киелі Үшбірліктің Тұлғаларында көрсетілетін мен өмір сүретін Жалғыз Құдайға (Әке-Құдай, Ұл-Құдай Иса Мәсіх, Киелі Рух-Құдай) сенім, яғни үшбірлік Құдай Жаратқанға дегн сенім. Әрбір католик Иса Мәсіхтің Құдай Ұлы, Киелі Үшбірліктің үш Тұлғасының бірі, Ұл-Құдай екеніне наным білдіреді. Католиктер Иса Мәсіх – Киелі Рух арқылы Әулие Мәриям Бикештің құрсағында бейкүнә ретінде ұрықтанған, шынайы адамдай дүниеге келген, барлық адамдар жасалған күнәларын өтелуі үшін Айқышқа шегелеген мен өлген; әрбір адамды құтқарып, адамға жұмақ Аспан Патшалығындағы мәңгілік өмір беру үшін өлімнен қайта тірілген жалғыз Құдай деп сенеді. Католик Кілесесі Киелі Кітаптың (Библияның) құдайрухтандырылған беделіне, Адам ата мен Хауа ана жасалған күнәкарлануға, Иса Мәсіхтің Құдай Ұлы екеніне, Оның тәнге айналуына, адамзатқа құтқару беретін Айқышта орындалған Оның өліміне, Оның қайта тірілуіне мен аспанға көтерілуіне сенеді. Кілесе Рим Папасы – Петір Елшінің мираскері және бұ дүниедегі Мәсіхтің наменгері деп білдіреді; тарих бойы жиналатын болған Жаһандық Кеңестердің ілім беделін мойындайды; аспандағы әулиелердің жақтаушылығына, Әулие Мәриям Бикештің туа біткен күнәсіздігіне мен оның Құдай Анасы екеніне сенеді; жұмақ, мақшар мен тозаққа сенеді; Ғарасат күні, Ақыр заман мен жаңа аспандағы мен жаңа әлемдегі өмір суруге сенеді.
     Католик Кілесесі – Батыс өркениетінің қалыптасуында маңызды рөл атқарған және әлем мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан ежелгі діни институттардың бірі. Ол негізгі тарихи оқиғаларға қатысқан еді. Бұл кілесесі Петір Елшінің наменгері Папа басқарған біртұтас Католик (Жаһандық) Кілесесі ретінде Мәсіх құрған еді. Алайда, 1054 ж. Үлкен Бөліну (Үлкен Іскизма) кезінде Бизант Кілесесі, яғни Ортодокс Кілесесі (орыс. Православная Церковь) одан бөлініп шықты. Содан бері Мәсіхшілік Кілесе шартты түрде Батыс (Католик) және Шығыс (Ортодокс) болып бөліне бастады. Әрі қарай, XVI–XVII ғғ. Католик Кілесесі протестант Реформациясы кезеңінен өтті. Сол кезде Мартин Лютердің (Martin Luther) әсерінен көптеген протестанттық қауымдар құрған әртүрлі жамағаттар кейінірек Кілеседен бөлініп шыға бастады. Сол кезден бастап дінтанушылар Мәсіхшілік Кілесені католицизм, ортодоксалдық және протестантизм деп бөлді. Католик Кілесесі барлық бөлінулерге қарамастан, негізін қалаған інжілдік сенім мен ілімді, елшілік біртұтастығы мен дәстүрі алғашқы ғасырлардан бастап сақтайды.
     Қазақ жеріндегі Католик Кілесесінің тарихы XII ғасырдан басталады. Мұнда Орта ғасырларда Жібек жолы өткен Жетісу аумағында жергілікті католиктер, католик қасиеткерлері (молдашылық) болған, сопыханалар мен рақыбаттар, ғибадатханалар, кілеселер мен шәпілдер құрылған еді.
      Католик Кілесесінде литургиялық әртүрлі рәсімдер бар. Литургиялық рәсімдердің әрқайсысы тарихи айырмашылықтарға байланысты белгілі бір елді мекенге немесе қауымдастыққа тән. Католик Кілесесінде батыс және шығыс рәсімі бар. Батыс католик рәсімдеріне римдік (латын), амбырозшылық, мосарабтық, брагалық, лиондық және заирлік рәсімдер жатады. Католиктер үшін стандартты және ең кең тарағаны – римдік (латын) рәсім. Осыдан римдік (латын) рәсімге жататындығын білдіретін «Рим-Католик Кілесесі» атауы шыққан. Римдік (латын) рәсімінің жарқын мысалы – Киелі Месса, яғни рим-католик ғибадаты. Шығыс рәсімдері – бизант (грек), әрмен, маруни, сириялық, кәлдей, қыпты, етиоп. Сондықтан «рим-католик», «грек-католик», «әрмен-католик» сияқты анықтамалары бар. Бұл Католик Кілесесінің рәсмдерінің әртүрлілігін көрсетеді. Барлық католиктер, олардың рәсімдеріне қарамастан, «католиктер» деп аталады.
    Католик Кілесесіндегі қасиетті өмірінің мәні – құпияшылдықтар (лат. sacramentum; орыс. таинство) – әрбір католиктің өміріндегі маңызды салттары. Жеті құпияшылдықтар бар: 1) Шомылдыру (немесе Баутыс; орыс. Крещение); 2) Нығайту (немесе Конфирмация; орыс. Миропомазание); 3) Тәубе (немесе Өкіну; орыс. Исповедь); 4) Еухаристия (немесе Киелі Қатынасу; орыс. Причастие); 5) Науқастарды майжағу (орыс. Елеопомазание, Соборование); 6) Қасиеткершілік (немесе Дінгершілік, Дін қызметшілігі; орыс. Священсвто, Рукоположение); 7) Неке (немесе Некелесу; орыс. Брак, Венчание). Тізімделген құпияшылдықтар әр католиктің туылғаннан өлгенге дейінгі өмірінің негізгі оқиғаларды қозғайды.
    Католик Кілесесінде билік орталықтандырылған, яғни Ватиканда тұратын Папаның қолында шоғырланған. Католик Кілесесі әкімшілік жағынан көптеген жергілікті кілеселерге бөлінеді. Жергілікті кілеселер бескіптер (лат. episcopus; орыс. епископ) басқаратын диоцездерге (епархияларға) (лат. diœcesis; орыс. епархия, диоцез) бөлінеді. Диоцездер (епархиялар) махаллаларға (парақияларға) (лат. parœcia; орыс. приход) бөлінеді.
    Католик Кілесесі қоғамдық өмірде түрлі қайырымдылық, білім беру, ғылыми, мәдени және бітімгершілік салаларға белсенді қатысады. Ол халықаралық алаңда жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттайды, әр адамның қадір-қасиетін оны құрсақта ұрықтанудан табиғи өліміне дейін қорғайды, бейбітшілік пен құрылымды сұхбатты қолдайды және әртүрлі дінаралық конференциялар мен ұйымдардың бастамашыларының бірі ретінде әрекет етеді.