Мисса тәртібі
БАСТАПҚЫ ЖОРАЛАР
Кіріспе ән айту кезінен қахин мен сенушілер өздеріне айқыш белгісін жасайды; қахин жамағатқа назар аударып айтады:
Қ. Әкенің, Ұлының және Киелі Рухының атымен.
Ж. Аумин.
Сонан соң қахин қолдарын жайып жамағатты қарсы алады:
Қ. Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы, Құдайдың сүйіспеншілігі және Киелі Рухпен қарым-қатынастарың бәріңде бола берсін.
Немесе:
Қ. Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін.
Немесе:
Қ. Иеміз сендерге жар болсын.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
«Иеміз сендерге жар болсын» сәлемдесуы орнына бескіп (епископ) жамағатты келесі сөздермен қарсы алады.
Б. Сендерге тыныштық болсын.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
ӨКІНУ ЖОРАСЫ
Жексенбі күні суға бата беріледі және шомылдыру рәсімін еске түсіру үшін бүрку жасалады
Қарсы алу кезінен кейін қахин жамағатты дұға етуге шақырады және қысқа тыныштықтан кейін суға бата беру сөздерін айтады да келесі сөздерімен оны аяқтайды:
Қ. Иеміз Мәсіх арқылы мұны сұраймыз.
Ж. Аумин.
Су мен тұз араластыруға жергілікті әдет бойынша тағайындайтын жерде, қахин суға бата беру қысқа формуласын айтады да келесі сөздерімен оны аяқтайды:
Қ. Иеміз Мәсіх арқылы мұны сұраймыз.
Ж. Аумин.
Содан кейін қахин су бүркиді және белгіленген орнына қайтып, айтады:
Қ. Құдіретті Құдай бізді күнәларымыздан түгел тазартып, бізге осы Еухаристия арқылы Өзінің Патшалығындағы Тойына қатысуға рұқсат ете көрсін.
Ж. Аумин.
Егер суға бата беру мен бүрку орындалмаса, Миссаға қысқаша кіріспеден кейін қахин сенушілерді тәубе етуге шақырып, айтады:
Қ. Бауырластарым, осы Қасиетті Құпияларды тойлауға қатыса алуымыз үшін күнәларымызды мойындайық.
Қысқа тыныштық сақталады, ал содан соң жамағат сенім сөздерін бірге айтады:
Мен Құдіретті Құдайдың алдында да, * бауырластарымның алдында да * ойыммен, сөзіммен, ісіммен * және жақсылық істемегеніммен * көп күнә жасағанымды мойындаймын.
Өз кеудесін соғып, айтады:
Менің кінәм! * Менің кінәм! * Менің зор кінәм!
Сосын жалғастырады:
Сондықтан Баталы Мәриям Мәңгібикешті, * барлық періштелер мен әулиелерді, * сондай-ақ сендерді, бауырластарым, * Құдай Иемізге мен үшін дұға қылыңдар деп өтінемін.
Қахин жіберілетін дұғасын оқиды:
Қ. Құдіретті Құдай бізге рақым етіп, * күнәларымызды кешіріп, * мәңгілік өмір берсін.
Ж. Аумин.
Немесе:
Қахин сенушілерді өкіну рәсімін өтуге шақырады:
Қ. Бауырластарым, осы Қасиетті Құпияларды тойлауға қатыса алуымыз үшін күнәларымызды мойындайық.
Уақытша тыныштық орналады. Сосын қасиеткер айтады:
Қ. Бізге рақым ете гөр, уа, Жаратқан.
Ж. Біз Сенің алдыңда күнә жасадық.
Қ. Бізге тұрақты рақымыңды таныта гөр, уа, Жаратқан.
Ж. Бізді пәледен сақтап, құтқара гөр.
Қахин жіберілетін дұғасын оқиды:
Қ. Құдіретті Құдай бізге рақым етіп, *  күнәларымызды кешіріп, * мәңгілік өмір берсін.
Ж. Аумин.
Немесе:
Қахин сенушілерді өкіну рәсімін өтуге шақырады:
Қ. Бауырластарым, осы Қасиетті Құпияларды тойлауға қатыса алуымыз үшін күнәларымызды мойындайық.
Уақытша тыныштық орналады.
Сосын қахин, декін (диакон) не басқа қызметші «Иеміз, рақым ете гөр» («Kyrie, eleison») дұғасымен келесі немесе басқа сөздерді айтады:
Қ. Жаралы жүректерді сауықтыруға тағайындалған Иеміз, рақым ете гөр.
Ж. Иеміз, рақым ете гөр.
Қ. Күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыруға келген Мәсіх, рақым ете гөр.
Ж. Мәсіх, рақым ете гөр.
Қ. Әкесінің оң жағынан орын алып, біз үшін ара түсетін Иеміз, рақым ете гөр.
Ж. Иеміз, рақым ете гөр.
Қахин жіберілетін дұғасын оқиды:
Қ. Құдіретті Құдай бізге рақым етіп, *  күнәларымызды кешіріп, * мәңгілік өмір берсін.
Жамағат жауап береді:
Ж. Аумин.
Егер өкіну рәсімінің басқа тәртібінде қолданылатын болмаса, «Иеміз, рақым ете гөр» («Kyrie, eleison») үндеу сөздер айтылады:
Қ. Иеміз, рақым ете гөр.
Ж. Иеміз, рақым ете гөр.
Қ. Мәсіх, рақым ете гөр.
Ж. Мәсіх, рақым ете гөр.
Қ. Иеміз, рақым ете гөр.
Ж. Иеміз, рақым ете гөр.
Сосын, белгілі болса, әнұран жырланады немесе айтылады:
Жоғарыда Құдай мадақталсын, * жер бетінде де ізгі ниетті адамдарға тыныштық болсын. * Сенің зор даңқыңа бола * біз Сені мадақтаймыз, * Сені дәріптейміз, * Саған табынамыз, * Сені қолпаштаймыз, * Саған алғыс айтамыз, * уа, Жаратқан Ие, Аспан Патшасы, * уа, Құдіретті Құдай-Әке, * уа, жалғыз Ұлы, Иеміз Иса Мәсіх, * уа, Тәңір Ие, Құдайдың Тоқтысы, Құдай-Әкенің Ұлы, * дүниенің күнәсін алып қойған Иеміз, бізге рақым ете гөр, * дүниенің күнәсін алып қойған Иеміз, мінажатымызды қабыл ала гөр, * Әкесінің оң жағында орын алған Иеміз, бізге рақым ете гөр. * Тек Сен ғана Киелісің, * Сен ғана Жаратқан Иесің, * Сен ғана Құдай Тағаласың, уа, Иса Мәсіх, * Сен де Киелі Рухпен бірге * Құдай-Әкенің даңқына ортақтаса жүресің. * Аумин.

Осы әнұран аяқталған соң қахин қусырылған қолдармен айтады:
Қ. Дұға етейік.
Ол барлық қахиндермен бірге біраз уақыт тыныштықта дұға етеді. Сосын қахин қолдары жайылып кіріспе дұғасын оқиды. Дұға аяқталған соң:
Қ. ... … Сенімен бірге Киелі Рухтың бірлігінде мәңгі-бақи тірі болып, патшалық құратын Сенің Ұлың, Құдай Иеміз Иса Мәсіх арқылы мұны сұраймыз.
жамағат жауап береді:
Ж. Аумин.
СӨЗ ЛИТУРГИЯСЫ
Дауыстап оқушы мінберге барып, Бірінші оқылымды оқиды. Оны барлық отырып тыңдайды. Дауыстап оқушы аяқталуын білдіретін сөздерді айтады:
О. Құдайдың Сөзі.
Ж. Құдайға алғыс айтамыз.
Забур жыры жырлайтын немесе жыршы Забур жырын жырлайды немесе оқиды; жамағат жауап береді. Егер белгіленсе, дауыстап оқушы Екінші оқылымды мінберден оқиды. Дауыстап оқушы аяқталуын білдіретін сөздерді айтады:
О. Құдайдың Сөзі.
Ж. Құдайға алғыс айтамыз.
Сонан соң декін не қахин мінберге жақындап айтады:
Қ. Иеміз сендерге жар болсын.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
Қ. (Матай / Марқа / Лұқа / Жохан) жазған Киелі Інжілден оқылым.
Ж. Иемізді дәріптейміз.
Інжіл оқылым аяқталған соң, декін не қахин жариялайды:
Қ. Иеміздің Сөзі.
Ж. Мәсіхті мадақтаймыз.
Уағыз басталады.
Уағыз аяқталған соң, белгіленген кезде, Сенім нышаны жырланады немесе айтылады:
Мен бір Құдайға, * Құдіретті Әкеге, * аспан мен жердің, * көзге көрінетін және көрінбейтіннің Жаратушысына * сенемін. * Және жалғыз Тәңір Иса Мәсіхке сенемін, * Ол бар ғасырлар бұрын Әкеден туылған Құдайдың жалғыз Ұлы: * Құдайдан Құдай, * Жарықтан Жарық, * шынайы Құдайдан шынайы Құдай, * Ол туылған, жаратылмаған, Ол Әкемен бірболмысты, * барлығы Ол арқылы жаратылды. * Ол біз, адамдар үшін, және біздің құтқаруымыз үшін аспаннан түсті.
Келесі сөздер айтқанда “Адам болып келді” [“factus est”] сөздерге дейін барлық бас иеді.
Және Киелі Рух пен Мәриям Бикештен ұрықталып, * Адам болып келді, * Ол Понти Пилат тұсында біз үшін Айқышқа шегеленді, * азап шекті де көмілді, * Жазбалар бойынша, үшінші күні өлімнен қайта тірілді, * аспанға көтерілді және Әкенің оң жағында отыр, * Ол тірілер мен өлілерді соттауға даңқта қайта келе жатыр, * және Оның Патшалығының шегі болмайды. * Және Киелі Рухқа, * Тәңір мен Рухтандырушыға сенемін, * Ол Әке мен Ұлынан келіп тұр, * Әке мен Ұлмен бірге Оған табыну мен мадақ лайық, * Ол пайғамбарлар арқылы хабарлады. * Және біртұтас Киелі Католик пен Елшілік Кілесесіне сенемін. * Күнәлардың кешірілуіне бір рет ғана өтетін шомылдыру рәсімін танимын. * Өлгендердің тірілуін және болашақ өмірін күтудемін. * Аумин.
Ізнік-Ыстамбұл Сенім нышаның орнына, әсіресе Ораза және Пәсіх кезеңінде, Рим Кілесесінің шомылдыру нышаны, яғни Елшілік (Апостолдық) Сенім нышаны, деп аталатын пайдалана алады.
Мен Құдайға сенемін: * Ол Құдіретті Әке, * аспан мен жердің Жаратушысы. * Мен Оның жалғыз Ұлы * Иеміз Иса Мәсіхке де сенемін:
Келесі сөздер айтқанда “Мәриям Бикеш арқылы туылған” сөздерге дейін барлық бас иеді.
Ол Киелі Рух арқылы тәнге айналған,* Мәриям Бикеш арқылы туылған; * Ол Понти Пилат тұсында азап шекті, * Ол Айқышқа шегеленіп, өлді де көмілді; * Ол тозаққа түсті; * Ол үшінші күні өлімнен қайта тірілді; * Ол аспанға көтеріліп, * Құдіретті Құдай Әкенің оң жағында орын алды: * сол жақтан Ол тіріні де, өлгенді де соттауға қайта келеді. * Мен Киелі Рухқа, * Киелі Католик Кілесесіне, * әулиелердің қарым-қатынасуына, * күнәлардың кешірілуіне, * тәннің қайта тірілуіне, * мәңгілік өмірге сенемін. * Аумин.
Жалпы дұғасы не сеншулердің дұғасы оқытылады.
ЕУХАРИСТИЯ ЛИТУРГИЯСЫ
Жалпы дұғасынан кейін сый-тартуларды әкелу кезінде ән айту басталады. Осы уақытта министранттар құрбантақтың үстіне Еухаристия үшін барлығын орналастырады.
Қахин нанмен патенаны алып, кішкене көтеріледі де күбірлеп айтады:
Қ. Уа, даңққа бөленген Жаратқан Ие, бүкіл әлемнің Құдайы, * жомарттығыңның арқасында біз Саған әкелген осы нанды қабылдадық: * ол жер мен адамның қол еңбегінің жемісі болып, * біз үшін өмір беретін Нан болсын.
Егер сый-тартуларды әкелу кезінде ән айтылмаса, қахинге осы сөздерді қатты айтуға болады; соңында жамағат дауыстап айтады:
Ж. Құдай мәңгі-бақи дәріптелсін.
Декін не қахин тостағанға шарап пен су азғана құяды. Содан кейін қахин тостағанды алып, оны құрбантақтың үстінен кішкене көтереді де күбірлеп айтады:
Қ. Уа, даңққа бөленген Жаратқан Ие, бүкіл әлемнің Құдайы, * жомарттығыңның арқасында біз Саған әкелген осы шарапты қабылдадық: * ол жүзім мен адамның қол еңбегінің жемісі болып, * біз үшін рухани ішімдік болсын.
Егер ый-тартуларды әкелу кезінде ән айтылмаса, қахинге осы сөздерді қатты айтуға болады; соңында жамағат дауыстап айтады:
Ж. Құдай мәңгі-бақи дәріптелсін.
Сый-тартуларды әкелу мен қолдардың дәрет алуынан кейін қахин жамағатқа назар аударып, айтады:
Қ. Бауырластарым, * менің құрбаным да, сендердің құрбандарың да құдіретті Құдай Әкеге ұнамды болсын деп дұға етіңдер.
Ж. Жаратқан Өз есімінің даңқы мен мадағы үшін, * біздің және Өз Киелі Кілесесінің игілігі де үшін * осы құрбанды сенің қолыңнан қабыл алсын.
Содан соң қахин сый-тартулардың үстінен дұға етеді, содан кейін жамағат жауап береді:
Ж. Аумин.
II ЕУХАРИСТИЯ ДҰҒАСЫ
Қахин Еухаристия дұғасын оқуға бастайды:
Қ. Иеміз сендерге жар болсын.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
Қ. Жүректерімізді биікке көтерейік.
Ж. Солар Иемізге көтерілген.
Қ. Құдай Иемізге алғыс айтайық.
Ж. Бұл лайықты да әділ әрекет.
Қ. Уа, Киелі Әке, Сенің сүйікті Ұлың әрі Иеміз Иса Мәсіх арқылы әрқашан да, әр жерде де Саған көрсеткен ризашылығымыз – шынымен лайықты да әділ, парызды да құтқаратын әрекет. Сенің еркің бойынша бәрін жаратқан Сөзің әрі Киелі Рухтың құдіреті арқылы тәнге айналып, Пәк Қыз арқылы дүниеге келіп, бізге жіберілген Құтқарушыз бен Қамқоршымыз – Иеміз Исаның Өзі. Ол еркіңді орындап, Саған бағышталған халықты жинап алу үшін Айқыш ағашына қолын созып, азап шекті. Осылайша Иеміз Иса өлімнің күшін жойып, қайта тірілу кереметін жасады. Сондықтан біз періштерлер мен бар әулиелермен бірге салтанатты ұлылығыңды жариялап, бірауыздан шақырамыз:
Киелі, Киелі, Киелі, Әлемнің Иесі Құдай! * Аспан мен жер Сенің салтанатты ұлылығыңа кенелген. * Хосанна биікте! Жаратқанның атына келе жатқан дәріптелген. * Хосанна биікте!
Қахин жайылған қолдарымен айтады:
Қ. Уа, Жаратқан, Сен шынымен Киелісің, әр қасиеттіліктің Қайнарысың.
Қолдарын қусырады, және сый-тартулардың үстінен жайып ұстап айтады:
Сондықтан, шық сияқты түскен осы сый-тартуларды Киелі Рухың арқылы қасиетті ете гөр:
Қолдарын қусырып, нан мен шарабына айқыш белгісін жасайды да айтады:
Солар біз үшін Иеміз Иса Мәсіхтің Тәні † мен Қанына айналсын.
Келесі сөйлемшелерде Иеміздің сөздері анық етіп түсінікті айтылады:
Қ. Иеміз Иса Өз еркімен азап шегуге берілген кезде нанды алып, Саған шүкірлік етті де, нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып, былай деді:
МЫНАДАН БӘРІҢ ДЕ АЛЫП ЖЕҢДЕР, * ӨЙТКЕНІ БҰЛ – МЕНІҢ СЕНДЕР ҮШІН * ҚҰРБАНДЫҚҚА БЕРМЕК ТӘНІМ.
Жамағатқа қасиетті түрде айналған Хостияны көрсетеді, оны патенаға салады да тізе бүгіп, оған табынады.
Сосын жалғастырады:
Қ. Сондай-ақ, кешкі астан кейін, тостағанды да алып, Саған қайта шүкірлік етті де, шәкірттеріне тостағанды беріп жатып, былай деді:
МЫНАДАН БӘРІҢ ДЕ АЛЫП ІШІҢДЕР, * ӨЙТКЕНІ БҰЛ – КҮНӘЛАРЫ КЕШІРІЛСІН ДЕП * КӨПТЕГЕН АДАМДАР ҮШІН ТӨГІЛІП, * ЖАҢА ДА МӘҢГІЛІК КЕЛІСІМДІ БЕКІТЕТІН МЕНІҢ ҚАНЫМ. * МЕНІ ЕСТЕРІҢЕ ТҮСІРУ ҮШІН ОСЫЛАЙ ІСТЕҢДЕР.
Жамағатқа Тостағанды көрсетеді, оны корпоралға қойдырады да тізе бүгіп, оған табынады.
Сосын айтады:
Қ. Сенім құпиясы.
Ж. Уа, Иеміз, Сен қайтып келгенше, біз Өзіңнің құрбандық өліміңді жариялап, қайта тірілгеніңді мойындай береміз.
Немесе:
Ж. Уа, Иеміз, біз осылай Нан жеп, Тостағаннан ішкен сайын, Сен қайтып келгенше, Өзіңнің құрбандық өліміңді жариялай береміз.
Немесе:
Ж. Уа, дүниені Құтқарушы, бізді құтқара гөр, өйткені Өзің айқышқа шегеленіп, қайта тірілгенің арқылы бізді азат еттің.
Немесе:
Ж. Мәсіх азап шегіп өлді, Мәсіх қайта тірілді, Мәсіх қайта келеді.
Содан соң қахин жайылған қолдарымен айтады:
Қ. Сондықтан, уа, Жаратқан, біз Исаның өлімі мен қайта тірілуін еске алып, өмір сыйлайтын Нан мен құтқарылу сыйлайтын Тостағанды Саған ұсынамыз. Бізді Өзіңнің алдыңда тұрып, Саған қызмет етуге лайық деп тапқаның үшін Саған алғыс айтамыз. Біз терең қастерлеп, Мәсіхтің Тәні мен Қанынан алып жегенімізде, Киелі Рух арқылы толық бірлікке жетейік деп бойсұнып сұраймыз.
Уа, Жаратқан Ие, бүкіл жер жүзіне таратылған Кілесеңді есіңде сақтай гөр. Біздің Папамыз N(-бен / -мен / -пен) * әрі бескібіміз N(-бен / -мен / -пен) бірге, және барлық діни қызметкерлермен бірге Кілесені мінсіз сүйіспеншілікке жетелей гөр.
Қайта тірілуіне үміттеніп өлген бауырластарымызды әрі Сенің рақымыңа бөленіп қайтыс болғандарды да есіңе ала гөр: солардың барлығына бет-жүзіңнің нұрын төгіп, алдыңа әкеле гөр. Мәңгілік өмірімізге ие болуға лайық деп табылып, Сені мадақтап, дәріптеу үшін Құдайдың қасиетті Анасы Әулие Мәриям Бикешпен, өзінің қадірлі күйеуі Жүсіппен, Иеміздің қасиетті Елшілерімен және әу бастан бері Өзіңе ұнамды болған барлық Әулиелермен бірге де бәрімізге рақым етуіңді Сенің Ұлың Иса Мәсіх арқылы сұраймыз.
Қахин Хостиямен патена мен тостағанды алып, көтереді де айтады:
Қ. Мәсіх арқылы да, * Өзімен бірге де, Өзінің бойында да, * Саған, уа, Құдіретті Құдай Әке, * Киелі Рухтың бірлігінде * мәңгі-бақи барлық ізет пен мадақ болсын.
Ж. Аумин.
Кейін Киелі Қатынасу жорасы басталады.
КИЕЛІ ҚАТЫНАСУ ЖОРАСЫ
Патена мен тостағанды қойып, айтады:
Қ. Біз құтқарылу сыйлайтын өсиеттермен рухтандырып, * Құдайдың тәлімін қабылдап, * нық сеніммен мынаны айта аламыз:
және жамағатпен бірге жалғастырады:
Аспандағы Әкеміз, * Сенің атың қасиеттелсін, * Патшалығың келсін, * Сенің еркің аспандағыдай * жер бетінде де орындалсын. * Қажетті нанымызды бүгінге бере гөр; * бізге қарыз болғандарды кешіргеніміздей, * біздің қарызымызды да кешіре гөр; * азғырылуымызға жол бермей, * бізді жамандықтан сақтай гөр.
Қахин өзі жалғыстырып айтады:
Қ. Уа, Жаратқан, бізді түрлі жамандықтан сақтап, қазіргі заманымызда амандық пен тыныштық орнатып сала гөр, сонда біз Сенің мейірімділігіңнен күш жиіп, күнәларымыздан арылып, түрлі абыржудан сақталғанымызда керемет үмітіміздің іске асуын әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің қайта келуін күтіп жататын боламыз.
Ж. Өйткені Патшалық та, құдірет те, даңқ та мәңгі-бақи Сенікі.
Содан соң қахин айтады:
Қ. Уа, Иеміз Иса Мәсіх, Сен Елшілеріңе: * «Мен сендерге тыныштық сыйлаймын, * Өзімнің тыныштығымды беремін», – деп айттың. Күнәларымызды ескермей, алайда Өзіңнің Кілесең білдіретін сенеміне көз аударып, еркің бойынша Кілесеге татұлық пен бірлігін сыйлай гөр. Өйткені Сен мәңгі-бақи тірі болып, патшалық құрасың.
Ж. Аумин.
Қахин жалғастырады:
Қ. Иеміздің тыныштығы бәріңде бола берсін.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
Содан соң декін не қахин қосады:
Қ. Бір-біріне тыныштық тілеңдер.
Жергілікті әдет-ғұрыптар бойынша барлық адамдар тыныштық, ізгілік және мейірім белгісін білдіреді; қахин бейбітшілік белгісін декінге не қызметшіге білдіреді. Содан соң қахин Хостияны алып, патенаның үстінде оны сындырады да бөлшекті тостағанға түсіріп, ақырын айтады:
Дүниенің күнәсін алып қойған * Құдайдың Тоқтысы, * бізге рақым ете гөр.
Дүниенің күнәсін алып қойған * Құдайдың Тоқтысы, * бізге рақым ете гөр.
Дүниенің күнәсін алып қойған * Құдайдың Тоқтысы, * бізге тыныштық сыйлай гөр.
Қахин Хостияны алады, оны патена не тостағанның үстінен кішкене көтеріп, жамағатқа назар аударып, қатты айтады:
Қ. Міне, * дүниенің күнәсін алып қойған Құдайдың Тоқтысы. * Тоқтының тойына шақырылғандар бақытты!
Ж. Уа, Ием, * баспанама Сенің кіруіңе лайық емеспін, * тек бір сөз айтсаң, * менің жүрегім жазылады.
Қахин Мәсіхтің Тәні мен Қанына қабылдап қатынасады. Содан соң ол өзі не декін жамағатқа Қатынасу үлестіреді. Қахин әр қатынасатын адамға жақындап айтады:
Қ. Мәсіхтің Тәні. (немесе Мәсіхтің Қанына да қатынасу кезінде: Қ. Мәсіхтің Тәні мен Қаны.)
Қатынасатын адам жауап береді:
Аумин.
Киелі Қатынасу үлестіруін аяқтап, қахин, декін не аколит, тостағанның үстінен патена мен тостағанды өзі де тазалайды. Қасиетті тыныштық пен еухаристиялық ән айтуы аяқталған соң ол жамағатты дұға етуге шақырады:
Қ. Дұға етейік.
Барлық адамдар, егер алдында болса, қахинмен бірге тыныштықта дұға етеді. Киелі Қатынасудан кейін қахин жайылған қолдарымен дұға етеді, ал жамағат жауап береді:
Ж. Аумин.
ҚОРЫТЫНДЫ ЖОРА
Қахин жамағатқа назар аударып, қол жайып айтады:
Қ. Иеміз сендерге жар болсын.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
Қ. Құдіретті Құдай Әке, Ұл † және Киелі Рух сендерді жарылқасын.
Ж. Аумин.
Кейбір күндері не белгілі жағдайда осы бата беру тәртібінің алдыңда, айдарға сәйкес, басқа салтанатты бата беру тәртібі немесе жамағат үшін Дұға болып өтеді. Понтификал Миссада басқарушы митраны киіп және қолдарын жайып, айтады:
Б. Иеміз сендерге жар болсын.
Ж. Рухыңмен де бірге болсын.
Б. Жаратқанның есімі дәріптеле берсін.
Ж. Қазіргі кезден мәңгілікке дейін дәріптеле берсін.
Б. Медетіміз Жаратқанның есімінде.
Ж. Ол аспан мен жерді жаратты.
Б. Құдіретті Құдай Әке, † Ұл † және Киелі † Рух сендерді жарылқасын.
Ж. Аумин.
Содан кейін декін немесе қахин өзі қусырылған қолдарымен жамағатқа назар аударып, айтады:
Қ. Барыңдар, Мисса орындалды.
Ж. Құдайға алғыс айтамыз.